Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға SARS-CoV-2 антигендерін анықтауға арналған экспресс-тестілерді 370 000 АҚШ долларына жеткізді.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға медициналық жүктемені жеткізіп, оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығына тапсыру үшін жолдады. Медициналық жүктеме Ұлттық сараптама орталығының сұрауы бойынша құны 370 000 АҚШ долларын құрайтын 147 000 дана SARS-CoV-2 антигендерін анықтауға арналған экспресс-тестілерден тұрады. Бұл жеткізілім COVID-19-бен күрес бойынша ортақ іс-шаралар аясында жүзеге асырылды», – делінген ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің хабарламасында.
Өкілдіктің ақпараты бойынша, бұл жеткізілім жоспарланған гуманитарлық көмектің бір бөлігі болып табылады және оған Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі, Еуропалық одақ және Канаданың Сыртқы істер және халықаралық сауда министрлігі қаржылай қолдау көрсеткен. Донор елдердің үкіметтері пандемия басталғалы бері ДДҰ-ның мүше елдерге гуманитарлық жеткізілімін қаржыландырып келеді.
«Біз бұл тестілердің COVID-19 індетін жедел диагностикалауда пайдалы болатынына және болашақта дайындық пен ден қою деңгейін арттыруға септігін тигізетініне үміттенеміз. COVID-19 пандемиясына дейінгі жағдайды қалпына келтіруге ұмтылып, пандемия кезінде екінші орынға шегерілген өзге де денсаулық сақтау қауіптеріне назар аударуды бастауымыз қажет», – деді ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Кэролайн Кларинваль.
Өз кезегінде Ұлттық сараптама орталығының бас директоры Қанат Балықбаев серіктестерге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, экспресс-тестілер Қазақстан аумағына кірген кезде коронавирус инфекциясын диагностикалау үшін пайдаланылатынын түсіндірді.
Донор елдердің өкілдері Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығы мен әл-ауқаты саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Дереккөз: www.inform.kz